100-ден аса жаңалықтың авторы сексен бестің сеңгіріне шықса да әлі күнге дейін студенттерге дәріс беріп келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрттың баурайындағы Қазақстанның ХХ жылдығы ауылында дүниеге келген Әбдіманап Әбдіраманов соғыстан кейін ел еңсесі тіктеп келе жатқан 1954-1958 жылдары Шымкенттегі ауылшаруашылық техникумын бітіріп, кейін осы Шымқаладағы педагогикалық институттың физика-математика мамандығы бойынша білім алып шығады.
Одан кейінгі жылдары еліміздегі өзекті салалардың бірі су шаруашылығын дамыту бағытында құрылған сол кездегі Жамбыл қаласындағы Қазақтың су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында (ҚСШҒЗИ) кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастайды.
– Қанша дегенмен әлеуметтік жағдай қалыпты болмаса да ғылым жолының қызық та, қиын екенін санаммен түсініп, осы жолда сүрінетін және тапқан жаңалығыма сүйсінетін сәттерімнің болатындығын ерте топшыладым. Жас кезімде күндіз ғылымның сан салалы жолын игерсем, кешкілік жұмысшы жастарға арналған Ломоносов атындағы кешкі мектепте сабақ беріп жүрдім. Біз бүгінгі жастардай шаршап-шалдығу дегенді білмедік. Өмірге деген, ғылымға деген құштарлық бізді шыңдап, ширатты. Талмадық, іздендік. Жеңіске жететінімізге сендік. 1965-1976 жылдар аралығында Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер, аға инженер, аға ғылыми қызметкер қызметтерінде болдым.1972 жылы сол кездегі Ғылыми кеңес орналасқан Алматы қаласында «Ортадан тепкіш насостардың сору желісіндегі гидроциклонның жұмыс режімі» тақырыбында кандидаттык диссертациясын қорғап, тақырыпты дамыта отырып 1988 жылы Мәскеудегі гидромелиоративтік институтында «Гидроциклонды насос қондырғылар гидравликасының негіздері» тақырыбында докторлық диссертациямды 48 жасымда қорғап шықтым. Бұл шынымен де сол кездегі жасына қарай ең жас ғылым докторларының қатарында болу мақтаныш еді мен үшін, – дейді ғалым.
Сол кезеңде шаруашылықтар үшін жаңбырлата суаратын құралдар шығып, суды құмнан ажырату өзекті тұрды. Өйткені сумен кұм сорған насостар істен шығып жататын. Міне, осыған дейін гидроциклон насостан кейін қойылатын болса, Әбдіманап Әбдіраманов ол жүйені өзгертіп, гидроциклонды насосқа дейін қою жаңалығын енгізді.
Бұл бұған дейінгі олқылықтарды жойып, насостардың қалыптты жұмыс істеп қана қоймай сумен бірге құм соруына жол бермейді. Бір қызығы, ғалым ағаның ойлап тапқан жаңалығын араға екі жыл салып АҚШ-та және бес жыл салып Жапонияда ғалымдар ашып, өндіріске енгізіпті. Кейін Украина мемлекетінің Харьков каласында ғалымдардың бас қосуында мұны ғалымға белгілі орыс ғалымы А.И.Шеренков айтыпты. Сондай-ақ Әбдіманап Әбдірамановтың ғылымдағы екінші бағыты ашық каналдардағы, өзендердегі судың бетіндегі айналмалар. Ғылым тілімен айтқанда, гидравликалық шапшымалар. Мұның теңдеуін 150 жыл бұрын француз және ағылшын ғалымдары Беланже, Буссинеск ашқан екен.
Дегенмен үнемі студенттерге дәріс беріп, теңдеулерді күнде шешіп жүрген ғалым, жоғарыдағы ғалымдардың шеше алмай кеткен теңдеуін шешіп, 1999 жылы «Әбдіраманов теңдеуін» ойлап табады. Бұл теңдеу Гидравлика оқулығының мұқабасына жазылған.
Жалпы Әбдіманап Әбдіраманов қолданбалы ғылымдарды қазақ тілінде сөйлетем деп жүрген ғалымдардың бірі. Елу жылдан аса ұстаздық жолында алдына қойған мақсаттарына қол жеткізе алған ғалым ағаның бұл мақсаты да ұлттық мүдде, ана тіліне деген жанашырлықтан туып отыр.
– Ғылым жолы – өте ауыр жол. Ғылымға келгеніңізге өкінбейсіз бе?
– Жоқ. Еш өкінбеймін. Ол жайында жоғарыда там-тұмдап болса да айттым ғой. 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративтіккұрылыс институтына «Теориялық механика» кафедрасына меңгеруші болып келгеннен кейін Қазақстанның ғылыми жетістіктерін әлемдік ареналарда таныстыруға мол мүмкіндік алдым. Халықаралық форумдар мен симпозиумдарда ғылыми конференцияларда жасаған баяндамалар, су шаруашылығындағы тың жаңалықтар, осы саланың белді мамандары мен ғалымдарына ортақ ой салды. Ғылыми орта қашанда үлкен пікірталас ортасы. Бүгінгі күні ғой, көрші жатқан мемлекеттердің бір-екі ғалымын шақырып, халықаралық конференция өткіздік деп жар салатынымыз. Негізі ғылыми ортаға конференциялар мен келелі жиындардың берері көп. Идеялар айтылады, тың дүниелер ғалымдардың талқысына салынып, әбден ширап піседі. Бір жаңалықты ашудың өзі көптеген қателіктерді жеңуден тұрады. Ал сол қателіктер қайталанбас үшін, әрі алдағы бағытты айқындаудың жолы да сондай жиындарда айтылады. Сондықтан мұндай келелі кеңестер кейінгі жас ғалымдармен қатар аға буын ғылыми ортаның өкілдері үшін де керек» деген еді. Осындай мардымды ой түйген ғалым аға бүгінгі күні білім саласындағы, әсіресе ғылымды дамытудағы жүйелерге көп өзгерістер енгізу қажеттілігін алға тартады. Жалпы, қолданбалы ғылымдағы жаңалық өз жемісін бір жылда бермейді, бірнеше жылдарда оның тиімділігі айқындалуы мүмкін. Он жыл, тіпті елу, жүз жылдан кейін ол жаңалық маңызды болады. Ғалымның да атақ-даңқы сол кезде дәуірлейді.
– Кеңес Үкіметі тұсында Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты еліміздегі су шаруашылығы мамандарын дайындайтын бірден-бір жоғары оқу орнының бірі болды. Қазір Ұлттық университет статусын алды. Ғалым ретінде бұған қандай баға берер едіңіз?
– Иә, Кеңе с үкіметі тұсында жылына 200 маман дайындайтын білім ордасына сол кездегі Одаққа қарасты мемлекеттерден көптеген азаматтар да келіп білім алатын. Бұл мақтанғандық емес, бұл сол кездегі институттың кадр дайындаудағы с апасының жоғарылылығы мен материалдық-техникалык базасының мықтылығында болды. Оның үстіне Су шаруашылығы министрлігі өз алдына отау тігіп жұмыс істегендіктен, көптеген мәселелеріміз шешімін тауып жататын. Сол кездегі институттың ректоры Марс Үркімбаевтың да ықпалы көп болды. Студент жастарымыздың тәжірибе алмасудағы және зертханаларда ғылыммен шұғылдануына жол ашылды. Тағы айта кетерлігі, Кеңес Үкіметі тұсында осындай бес институт болған. Олар, Мәскеу, Киев, Қазан, Ташкент және сол кездегі Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласында болатын. Бірақ көрші жатқан Өзбекстандағы Ташкент қаласында гидромелиоративтік-құрылыс институты болғанымен біздің институт орта Азиядағы әлеуеті жоғары оқу орны болды. Институттың жоғарыдағы бес институттың ішінде екінші орында атағы жер жарып тұрды. Мысалы, КСРО дәуірінде 15 одақтас мемлекеттерде барлық мамандықтар дайындайтын 113 институт болса, Марс Үркімбаев бұл институтты алдыңғы ондыққа жеткізіп, өзі осы институттар қауымдастығы президентінің орынбасары болды. Яғни, жоғары оқу орнының беделді оқу орнына айналуына біріншіден профессорлықоқытушы құрамын толықтай жасақтап, оның базасын кеңейткен ректордың еңбегі екендігін айта кету керек. Су – тіршілік көзі. Қашанда барлық өндірісте қолданылатын бұл саланың мамандары сол кездің өзінде қат болып тұрды. Су шаруашылығының мамандары бүгінде де жетіспейді. Өзіңіз есептеп көріңіз, кезінде 200 маман дайындалса, бүгінгі күні 10-20 маман дайындалады. Осы мамандар санымен аймақтың әлеуетін салыстырып көріңіз. Алматы, Тараз, Өскемен, Қызылорда, Шымкент, Атырау қалаларындағы жоғары оқу орындары су шаруашылығының мамандарын дайындап отыр. Сол жоғары оқу орындарындағы ұстаздардың көпшілігі Жамбыл гидромелиоративтікқұрылыс институтының түлектері екендігін мақтанышпен айта аламын. Кезінде Жамбылда оқу базасының құрылымы күшті болды. Бүгінгі күнге дейін сол базаны сақтап келдік. Рас, сонау тоқсаныншы жылдардың ортасындағы оптимизация кезінде институт технологиялық институтпен бірігіп кетті. Дегенмен аталған институттың өз алдына бөлек отау болуы керектігі төңірегінде біраз жазылды да, биік-биік мінберлерден айтылды да. Өйткені су мәселесі қай мемлекетте болмасын өзекті тұрған мәселе. Су мәселесінің әлемдік тұрғыдан маңыздылығы жоғары. Осы мақсатта бұрынғы институттың базасында Ұлттық Қазақ су шаруашылығы және ирригация университеті ашылды. Ректорлыққа тағайындалған Кәмшат Түсіпова жаңашыл ойлайтын, жаңа заманның азаматы. Университетте көп жаңалықтар болып жатыр. Бүгінде «Су ресурстарын басқару және су дипломатиясына басымдық» берілген қос дипломды магистратура бағдарламасы әзірленіп жатыр. Әлі де әлемдік деңгейде айтулы шаралар ұйымдастырылып, Ұлттық Қазақ су шаруашылығы және ирригация университетінің даңқы өрлейтініне сенімдімін. Бүгінгі күні елімізде жүзеге асып жатқан индустриялдыинновациялық бағдарламалардың, ел тынысын сергітер жобалардың келешегі зор екендігін айтады. Ел экономикасының қарқынды дамуына, халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуына серпін беретін идеялардың заман талабына орай өмірге келіп жатқандығы Қазақ елінің дүниежүзінің экономикалық қауымдастығында ойып тұрып орын алатындығының үдемелі жолы болмақ. Бірақ ғалым-өнертапқыш ретінде айтарым, индустриялықинновациялық даму жолында елімізге келіп жатқан технологиялардың көбі өзімізде бар дүниелер. Сондықтан ғылымды қолдау, өнертапқыштарды ынталандыру уақыты келді.
Сіздің ғылыми еңбектеріңізге шетелдік ғалымдар да қызығушылық танытып отыр. Әсіресе осы су шаруашылығы бойынша өзіңіз ойлап тапқан «Әбдіраманов теңдеуі», «Әбдіраманов заңы», «Әбдіраманов сфериді» сынды жаңалықтарыңыз бен еңбекеріңіз қай мемлекеттердің оқу үрдісіне енді?
– Сізге бір сырымды айтайын. Кеңес Үкіметі тұсында менің ашқан жаңалықтарыма қызығушылық танытқан Қытай және Нидерландық ғалымдардан маған хат келді. Ол хат мәтіндерінде «Сіздің ғылыми еңбектеріңіздің негізінде біздің ғылыми ұсыныстарымызға пікіріңізді білдіресіз бе?» деген жолдар болатын. Хат жайында мен ректорға баяндадым. Алайда ректор: «Жауап жазбасаңыз қалай болады? Мына, кеңестік жүйенің бір салқыны сізге тиіп кетер, ғылыми атағыңызға, жұмысыңызға зияны болар», – деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырдық. Ал бүгінде сол шетелдік ғалымдар менің жаңалықтарыма қызығушылық танытып отыр. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасындағы «тоқырау» ғалымдарға да кедергісін тигізді. Сол жылдары Ресей Жаратылыстану Академиясынан маған хабарласып, Алматыда ғалымдардың шығарған еңбектерінің көрмесі өтетіндігін айтты. Мен біраз еңбектерімді апарып, таныстырдым. Онда «Гидравлика», «Механика жидкости», «Струйные аппараты теория и практика», «Гидравлика гидроциклонов и гидроциклонных насосных установок» деген еңбектеріме қызығушылық жоғары болды. «Гидравлика» оқулығы бес рет қайта жарық көрді. Бұл оқулықтың қазақшасы да бар. Ал жоғарыда атап өткен кейінгі үш оқулықты Германияда «LAMBERT Academik Publishing» баспасы неміс және орыс тілінде басып шығарды.
-Сіздің жетекшілігіңізбен қанша ғылым докторы, кандидатт ар дайындалды. Өз балаларыңыздың ортасында ғылым жолына түскендері бар ма?
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ғой. Менің жетекшілігіммен төрт техника ғылымдарының докторы, 12 техника ғылымдарының кандидаты өз еңбектерін қорғап шықты. Сондай-ақ жиырма ғылым магистрін дайындадым. Ұлдарым – Ғалымжан, Нұрлан, Ержан ғылым кандидаттары. Ғылым жолына түсті. Кенжем Дина қызым мұнай ісі бойынша ғылым магистрі, қазір Қазақ-Британ университетінің докторантурасында екінші курста білім алып жүр. Асыл жарым Ғалия физика пәнінің мұғалімі, зейнетте. Дегенмен бүгінгі күні орыс мектептерінде физикадан дәріс беретін мамандардың тапшылығынан зейнетте болса да мектептерге шақырып жатады. Немерем – Ғалымжанның ұлы Өрісбай ІТ технологиясы бойынша докторантураны бітірді. Енді қорғап алсам деп дайындалып жүр. Балаларымнан 13 немере, бір шөбере сүйіп отырмын.
– Шығыстың ұлы ойшылдары өздері ойлап тапқан жаңалықтарынан бөлек өнерге жақындығын білеміз. Осыдан он жыл бұрын өзіңізбен сұхбаттасқанымда жазып жүрген қара сөздеріңізді, өлеңдеріңізді көрсеткен едіңіз. Қазір жазып жүрсіз бе?
– Иә, сол кезде өзіңе көрсеткен өлең, қара сөздерім 2019 жылы «Өмірдің өзі өнеге» атауымен жарық көрді. Мен әкесі соғыстан қайтпаған ұрпақтың өкілімін. Әкем Әбдіраманды көрмегенмін. Ал анам Болған жолдасы Әбдіраманның жалғыз тұяғын аман өсіремін деп колхозда еңбек еткен. Өжетті, адуынды кісі болатын. Сондықтанда аудандық кеңестің екі рет депутаты болып сайланды. Анамның еңбекқор, талапшылдығы маған сіңген. Оның үстіне мектеп қабырғасында әдебиеттен белгілі ғалым Құлмат Өміралиев сабақ берді. Керемет мұғалім еді. Сондықтан кей-кейде теңдеулерден қол қалт еткенде қаламымды алып өлең, қарасөздер жазатыным бар. Яғни, ғылым да жарыс, дода. Онда кімнің бәсі жоғары оны ғылыми еңбектері арқылы білуге болады. Тек қолдан жасалған «кедергілер» болмаса болғаны. Осы ғылым жолындағы жарыста не көрдім, не білдім, нені таныдым деген оймен үш поэма жаздым. Ол 2019 жылы «Жарыс» деген кітап болып шығып, онда «Жарыс», «Самғау», «Заңғар» деген поэмаларым енді. Анау жылдары сырқаттанып, біраз жатып қалдым. Онда да қолымнан қаламым түспеді. Ертеңгі күн қалай болады деген ой мазалады. Атадан қалған аманатты орындай алдым ба, кейінгі ұрпақ нені білу керек деген оймен жазған кітабым «Атадан қалған аманат» атауымен 2023 жылы жарық көрді. Кітапқа негізінен өлеңдерім енді. Менің ғылым жолында жолымды кескендер де болды. Шарапатын көрген жақсы азаматтар да болды. Ғылым кандидаттығын, докторлықты қорғағанда ақыл-кеңесін алған мықты ғалымдар қазір өмірде жоқ. Кейде соларға алғыс айтқым келеді. Енді не істеу керек? Қаламымды алып ғұмырымда маған көмегі тиген азаматтар жайында және өмірдің қиылыстарында түйген дүниелерімді дерек ретінде қолдана отырып әңгімелер жинағын жаздым. Ол кітап 2024 жылы «Ақиқат үшін арпалыс» атауымен жарық көрді. Әрі кейінгі ұрпаққа сабақ болсын деген ой еді бұл.
– Арманыңыз бар ма?
– Баз біреулер, қартайғанда қандай арман болушы еді деуі мүмкін. Бүгінде ғылым тілін – қазақ тіліне жүйелеу ісі маңызды. Әрине, бәрі бір күнде болады деген сөз емес. Десе де, ғылым тілін түбегейлі қазақыландыру қолға алынды. Өз салам бойынша осыған шамам келгенше атсалыссам деймін. Осынша жыл ғылымда жүргендіктен тәжірибе де аз емес қой. Әлемде су мәселесі өте күрделі тұр. Жер жүзінде адам саны күнненкүнге өсуде, бұл табиғи үрдіс. Заман ағымына қарай жаңа технологиялар негізінде өндіріс орындарының саны артып, кәсіпорындар көптеп салынуда. Ондай өндіріс орындарына техникалық су ауадай қажет. Ал ауыз су мәселесі кей мемлекеттерде тіпті тапшы. Табиғатта жерасты суы, ауадағы су бәрі-бәрі тұрақты. Осыны зерделей келе гидрометерология саласында ғалымдарға, қарапайым оқырмандарға түсінікті тілмен үлкен еңбек дайындап жатырмын. Бұл бастамаға әріптестерім де қолқа салып отыр.
– Бәрекелді! Қолға алған үлкен еңбегіңіз жемісін берсін. Ал сүбелі әңгімеңіз үшін рақмет!
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Білім мен еңбектің жарқын жемісі
- 15 қараша, 2025
Бала қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты – Сәлемов
- 13 қараша, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




